Биыл Павлодар облысында 236 қандасымыз Қазақстан азаматтығын алған

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - 2019 жылдың наурыз айынан бастап Павлодар облысына өзге мемлекеттерден қоныс аударған 236 қандасымыз Қазақстан азаматтығын алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сілтеме жасап.
None
None

Облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі азаматтық және көші-қон тобының аға инспекторы Гүлстан Баталованың айтуынша, ведомствода 18 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетіледі.

«Оның ішінде шет ел азаматтары Қазақстан Республикасында тұрақты тұру, құжаттарды тіркеу және  Қазақстанның азаматтығын алу жөнінде өтінішпен жүгінеді. Биыл жыл басынан бері өңірде 1000-ға жуық шет ел азаматына Қазақстанда тұрақты тұру үшін рұқсат берілген. Олардың басым бөлігі 31 желтоқсанға дейін өтетін «Мерзімі өтіп кеткен оралман мәртебесін ұзарту» акциясы аясында ҚР азаматтығын алып үлгерді. Оған бір кездері оралман мәртебесін алған, бірақ белгілі бір себептермен азаматтықты рәсімдей алмаған және осылайша оралман мәртебесі мерзімі өтіп кеткен этникалық қазақтар кіреді», - дейді Гүлстан Баталова.

Жоғарыда аталған азаматтар оралман мәртебесін ұзартып, ҚР азаматтарын қабылдауға құжаттарын ішкі істер органдарына және көші-қон қызметіне тапсыра алады.  

ҚР келетін шет ел азаматтарының материалдары «В 8» категориясы бойынша қабылданса, этникалық қазақтар кез келген виза бойынша тұрақты тұруға  тапсыра алады. Құжаттар тізімін ҚР ІІМ бекіткен. Материалдарды қарау мерзімі – 60 күн. Қызмет көрсету – тегін.

Еске сала кетсек, таяуда ҚР Президентінің жанындағы Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Отырыс қорытындысы бойынша Мемлекет басшысының қарауына шетелден келген 1 084 адамның ҚР азаматтығын қабылдау туралы ұсынысы енгізілді.

Соңғы жаңалықтар