Биыл Петропавл көшелеріне 4 мыңға жуық көшет отырғызылмақ

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл көшелеріндегі ескі ағаштар кесіліп, орнына қалаға көрік беретін жасыл желек отырғызылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл Петропавл көшелеріне 4 мыңға жуық көшет отырғызылмақ

Петропавлдағы ботаникалық бақтың мамандары қалалық әкімдіктің тапсырысы бойынша екі көше бойындағы жасыл желектің жағдайын зерттеді. Бүгінде шамамен әр төртінші ағаш ауыстыруды қажет етеді. Олардың бірі – шіріген, енді бірі ауруға шалдығып, құрт жей бастаған.

«Рижская көшесінен М.Жұмабаев көшесіне дейін 198 ағашты есептедік. Оның 49 ауыстыру керек. Бұл ағаштардан келетін қауіп жоғары. Қатты дауылда құлауы мүмкін. Оларды кесіп алу керек. Орнына жөке, терек, тал, шаған, алма мен алмұрт, шетен мен долана егуді ұсындық. Бұл ағаштардан қоршаған ортаға келер пайда көп. Ауаны тазартып қана қоймай, қалаға көрік береді», - дейді Петропавлдағы ботаникалық бақтың директоры Артур Рязапов.

Петропавлдағы ағаштардың басым бөлігі жарты ғасыр бұрын отырғызылған екен. Енді олар біртіндеп ауыстырылмақ.

«Биыл облыс орталығының 17 көшесіне ағаштар отырғызу жоспарланған. 4 мыңға жуық көшет егілмек. Бұл жұмыстар мамыр айының басында қолға алынады. Я.Гашек, Н.Назарбаев, Абай және тағы да басқа негізгі көшелерге қайың, терек, тал, бадам, алма секілді ағаш көшеттері отырғызылады», - дейді Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.