Биыл республикалық жолдардағы 1,7 млн. шаршы метр шұңқырлар жөнделеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Казақавтожол» РМК жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен жол жамылғысын жөндеу бойынша көктемгі жұмыстарды бастады. Жөндеумен қамтылатын жолдардың жалпы ауданы 1,7 млн. шаршы метрді құрамақ.

Биыл республикалық жолдардағы 1,7 млн. шаршы метр шұңқырлар жөнделеді

«Атап айтқанда, жолдың жүру бөлігіндегі ақауларды жою үшін бірқатар жұмыстар көзделген: асфальт-бетонды жамылғыда шұңқырлық жөндеу жұмыстары (1200 мың шаршы метр), жүру бөлігін маршруттық тәсілмен жөндеу (95 мың шаршы метр), тегістеу қабатын ретке келтіру (66 мың шаршы метр), жолтабандар мен жоталарды жою (388 мың шаршы метр). Бұдан тыс, жоспарға сәйкес ағымдағы жылы жалпы ұзындығы 20,1 мың шақырымға созылған жүру жолының жол таңбаларын орнату, 8 мыңнан астам жол белгілерін құру және ауыстыру, 17 мың метр жол қоршауының жөнделуі көзделген», - делінген ҚР ККМ мәліметінде.

Қазіргі кезде Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында республикалық маңызы бар жолдарында шұңқырлық жөндеу жұмыстары басталды. Техникалық регламентке сәйкес, бұл жұмыс барлық облыстарда қар еріп, қолайлы күн райы болғаннан кейін басталады.