Биыл салалық бағдарламалар саны 44-тен 14-ке дейін қысқаратын болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы еліміздегі салалық бағдарламалар саны 44-тен 14-ке дейін қысқарады. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатында өтіп жатқан Үкімет сағатында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев мәлім етті.

Биыл салалық бағдарламалар саны 44-тен 14-ке дейін қысқаратын болады

Ерболат Досаевтың сөзіне қарағанда, Экономика министрлігі былтырғы жылы қолданыстағы мемлекеттік және салалық бағдарламаларға бағалау және тексеру жүргізген. Осыған орай, қазіргі уақытта мемлекеттік органдар тексерудің қорытындыларын жүзеге асыруға кіріскен.

«Атап айтқанда, өңірлерді дамытуға бағытталған шаралардың тиімділігін арттыру мақсатында бес салалық бағдарлама Өңірлерді дамытудың бірыңғай бағдарламасына енетін болады. Ал индустриялық-инновациялық саясаттың тиімділігін арттыру үшін он төрт салалық бағдарлама Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасына өтеді. Сонымен қатар, шағын ведомстволық сипаттағы бағдарламалар мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына енеді. Нәтижесінде 2014 жылы салалық бағдарламалар саны 44-тен 14-ке қысқарады», - деді министр Е. Досаев.