Биыл сатып алынған қызметтік көліктердің 100%-ы Қазақстанда құрастырылған
Атап айтқанда, есепті кезеңде мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар 9,6 млрд теңгеге 1 537 автомобиль сатып алған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 46,5 пайызға жоғары.
«Өткен жылы мемлекет қабылдаған шаралар көптеген меморгандар мен ұлттық компаниялардағы сатып алулар саясатын қайта қарастыруға ықпал етті. 2019 жылғы қаңтар-сәуірдің қорытындысы бойынша алғаш рет мемлекеттік сатып алулар тарихында алынатын қызметтік техниканың барлығы Қазақстанда құрастырылған автомобильдерге тиесілі болды», - делінген таратылған мәліметте.
Мемлекеттік мекемелер арасында LADA брендінің жеңіл көліктері сұранысқа ие болды. Өткен кезеңде осы маркадағы 555 техника сатып алынды. ТОР-5 құрамына UAZ (325 көлік сатып алынды), Skoda (230 көлік), Hyundai (170) және KIA (167) енді.