Биыл сәуірде «Ерәлиев-Құрық», екінші жартыжылдықта «Қорғас-Жетіген» теміржол желілерінің құрылысын бастау жоспарлануда

АСТАНА. Наурыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Көлік және коммуникация министрлігі биыл концессиялық негізде теміржол саласындағы бірқатар жобалардың құрылысын бастауды жоспарлап отыр,

Биыл сәуірде «Ерәлиев-Құрық», екінші жартыжылдықта  «Қорғас-Жетіген» теміржол желілерінің құрылысын бастау жоспарлануда
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бүгін аталмыш министрліктің Елбасы Жолдауын жүзеге асыруға арналған алқа мәжілісінде ведомство басшысы Әбілғазы Құсайынов концессиялық жобаларды іске асыру жайына тоқтала келе: «Биыл біз сәуір айында «Ерәлиев-Құрық» темір жол желісінің, екінші жартыжылдықта «Қорғас-Жетіген» темір жол желісінің құрылысы бойынша жұмысты бастауымыз керек», деді. Осы орайда, ол автожол саласындағы жарияланған жобалар бойынша концессиялық келісімшарттарды бекіту қажеттігін атап көрсетті. «Бұл жобалардың барлығы соңғы жылдары айтарлықтай нығайған біздің отандық компаниялардың банкроттығын болдырмауға мүмкіндік береді», - деді министр. Көлік және коммуникация министрлігі Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігімен, «Қазақстандық мемлекет пен жеке сектор серіктестігі орталығымен» бірлесіп жаңа теміржол желілері - «Бейнеу-Шалқар», «Жезқазған-Сексеуіл» құрылысын концессияға беру мүмкіндіктерін қарастырып жатқанын бұдан бұрын хабарлаған болатынбыз. Ә. Құсайыновтың айтуынша, аталмыш теміржолдардың жобаланған учаскелері «Петропавл-Шу», «Озинки-Арыс» сынды екі маңызды магистралды бағыттарды өзара біріктіретін жаңа ендік жолдарды қалыптастырады. Сондай-ақ министрлік «Алматы-Ақтоғай», «Достық-Ақтоғай», «Ақтоғай-Мойынты» теміржол учаскелерін электрлендіру жөніндегі жобаларды концессиялық негізде жүзеге асыруды жоспарлап отыр.