Биыл сегіз айда экспорт 50% өсті
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биылғы 8 айда сыртқы сауда тауар айналымы 86,3 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Биылғы қаңтар-тамызда сыртқы сауда тауар айналымы 36,3 % өсіп, 86,3 млрд АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 50,6 % өсіп, 56 млрд АҚШ долларына дейін жетті. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 36,5 % ұлғайып, 16,6 млрд АҚШ долларын құрады», - деді Ә. Қуантыров.
Оның айтуынша, тауарлар импорты 30 млрд АҚШ долларына жетті.
«Жалпы, оң сауда балансы 26,4 млрд АҚШ долларын құрады», - деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биылғы қаңтар-қырқүйекте Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 2,8 пайызды құрады.