Биыл шамамен 34 мың грант бөлінеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы шамамен 34 мың грант бөлінеді. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мәлім етті.
«Ағымдағы жылы шамамен 34 мың грант бөлінеді. Оның шамамен 12 мыңы техникалық мамандықтарға бес мыңға жуығы педагогикалық мамандықтарға, шамамен 2600-і ауыл шаруашылығы мамандықтарына беріледі», - деді ол. Министрдің атап өтуінше, мәселен, талапкер ұлттық жоғары оқу орнына түсу үшін 70, аграрлық универсиеттерге 60, ал қалған оқу орындарына 50-ден жоғары балл жинауы тиіс. Оның айтуынша, ҰБТ осы жылдың 2-9 маусымы аралығында арнайы жабдықталған 155 пункте өтеді. 107 ҰБТ өткізу пункті аудан орталықтарындағы мектептерде, 48-і облыстық және Астана мен Алматы қалаларындағы жоғары оқу орындарында орналасады. «Барлығы 1585 аудитория қолданылады, БҒМ-нен 1700 бақылаушы жіберіледі. Базадағы тест тапсырмаларының жалпы саны 176 мыңды құрайды. Оған қосымша 14 мың тест тапсырмалары әзірленді», - деді А.Сәрінжіпов.