Биыл шекара қызметінің барлық жеке құрамы кезектен тыс аттестаттаудан өтеді
АСТАНА. 30 қаңтар. ҚазАқпарат - Шекара қызметінің барлық жеке құрамы кезектен тыс аттестаттаудан өтеді. Бүгін Ақордада ҚР-дағы қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру, есірткі заттарының заңсыз айналымының жағдайы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары тақырыбына қатысты құқық қорғау органдары басшыларымен өткен кеңесте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.
Елбасы өз сөзінде жаһандық және өңірлік ахуалдың өзгеру бағыттарын ескере отырып, Қазақстанның сыртқы шекарасын қорғау бойынша кешенді шаралар қабылдау қажеттігін баса айтты. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметін күшейту және реформалау маңыздылығын да атап өтті. Сараптама негізінде Шекара қызметін дамытудың және 2020 жылға дейін мемлекеттік шекараны орналастырудың кешенді жоспарын әзірлеп, ұсыну қажеттігін ескертті. Сондай-ақ ағымдағы жылы Шекара қызметінің барлық жеке құрамында кезектен тыс аттестаттау өткізу керектігін айтты.