Биыл Шерубай-Нұра қоймасынан су ағызу әдеттегіден ерте басталды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында қар қалың және қыстың жылы болуына байланысты биыл су тасқынына дайындық жұмыстары ерте басталып кетті. Негізгі су қоймаларындағы резервуарды тасқын су алдында босату үшін су жіберіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек Абай ауданына жұмыс сапары барысында Шерубай-Нұра су қоймасының су торабын бақылап қайтты.
«Су тасқыны кезеңіне дайындық жоспарына сәйкес, қазір су қоймасының сыйымдылығын резервтеу үшін су ағызылады. Барлығы штаттық режимде өтеді. Көлдің деңгейін бір метрге түсіреміз. Биыл су жіберу екі апта бұрын басталды. Өткен жылы бұл жұмыстарға 7 наурыз күні кіріскен болатынбыз. Бұл ауа райына байланысты, өйткені қыс жылы және қар көп болды», - деді «Топар «МАЭС» ЖШС операциялық директоры Андрей Соловьев.
Шерубай-Нұра су қоймасы МАЭС-ті техникалық сумен, Топар кентін ауыз сумен қамтамасыз етуге, Жартас су қоймасының ұңғымаларын қоректендіруге және жерді суландыруға арналған. Мұнда Шерубай-Нұра өзенінен су ағады.
Облыс әкімі су торабын аралап көрді. Кәсіпорын басшыларының айтуынша, нысанның техникалық жағдайына қатысты ешқандай проблема жоқ. Сапар барысында суды ағызудың ең жоғары көлемі мен кестесі талқыланды.
Жеңіс Қасымбек сондай-ақ Тасзаимка ауылына кіреберіс жолды аралап көрді. Мұнда су қоймасынан төгілетін су келеді, жыл сайын осы учаскеде тасқын жүреді.
Өткен жылы үш жерде су өткізгіш құбыр төселіп, жолды көтеріп, ол жер біліктермен бекітілген. Бірақ мәселе шешілген жоқ. Мамандардың айтуынша, Шерубай-Нұра өзенін қайта жаңарту және санациялау қажет.
Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде, деп хабарлады Абай ауданының әкімі Бауыржан Асанов. Алдағы уақытта дайын жоба мемлекеттік сараптамадан өтеді және биыл қайта жаңартуды бастауға болады деп жоспарланып отыр.
Жеңіс Қасымбек ЖСҚ-ны уақытылы әзірлеу және қауіпті су тасқыны жағдайын жою жөнінде тапсырма берді.

