Биыл СҚО-да жаңа медициналық қондырғылар алуға 2,4 млрд теңге жұмсалады

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының емдеу мекемелері заманауи қондырғылармен қамтылып жатыр. Биыл осы мақсатқа 2,4 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл СҚО-да жаңа медициналық қондырғылар алуға 2,4 млрд теңге жұмсалады

Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін өңір басшысы Құмар Ақсақалов облыстық көпсалалы ауруханаға орнатылған жаңа МРТ аппаратының жұмысымен танысты. Былтыр облыс әкімі өңірдегі емдеу мекемелерінің жұмысымен танысу барысында сырқаттардың МРТ-дан өтуі үшін айлап кезек күтуі ақылға сыймайтындығын, бұл мәселенің шешілетіндігін айтқан еді.

«Заманауи қондырғыда диагностика жүргізіліп жатыр. Облыстық ауруханада енді осындай 2 аппарат жұмыс істейді. Жыл соңына дейін онкодиспансерге үшінші МРТ қойылады. Бұл кезек санын біраз қысқартуға мүмкіндік бермек», - дейді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Соңғы жылдары облыста қондырғыларды жаңартуға қаржы көп құйылуда. 2018 жылы осы мақсатқа 636 млн теңге бөлінсе, былтыр 2,8 млрд теңге бағытталды. Биыл 2,4 млрд теңге жұмсалмақ. Ауруханаларға заманауи томограф, ангиограф, маммограф пен УЗИ, рентген аппараттар алынуда. Енді солтүстікқазақстандықтарға диагностика жасату үшін басқа өңірлерге барудың қажеті жоқ.

Былтыр облыстық ауруханаға компьютерлік томограф орнатылды. Келесі жылы Петропавлдағы көпсалалы қалалық ауруханаға осындай екеу және Ғ. Мүсірепов ауданындағы орталық ауруханаға біреу қойылмақ.

Биыл облыстық Кардиологиялық орталыққа заманауи цифрлық ангиограф алынып, дәрігерлер бірер айдың ішінде 500-ден астам сәтті операция жасады. Осындай ангиограф жақында облыстық ауруханада да пайда болмақ.

Онкологиялық диспансерге алынған маммограф обыр індетін ерте кезеңнен анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай қондырғының тағы төртеуі аудандарға жіберілді.

Сондай-ақ Mercedes реанимобильдері сатып алынды, жақында олардың қатары Hyundai арнайы машиналарымен толығады.