Биыл су тасу қаупі жоғары – Премьер-Министр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгінгі таңда елді мекендерден 11 млн текше метрден астам қар шығарылды. Су тасқыны қаупіне дайындық жөнінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Болжамдарға сүйенсек, биыл қардың көп болуына және топырақ қабатының қатуына байланысты су тасу қаупі жоғары. Бүгінгі таңда елді мекендерден 11 млн текше метрден астам қар шығарылды. Дегенмен, бұл жұмыс барлық өңірде тиісті деңгейде жүргізіліп отырған жоқ. Өңір әкімдері қар шығару жұмыстарын күшейтулері қажет», - деді Әлихан Смайылов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Премьер-Министр оңтүстік өңірлерде күрделі жағдай қалыптасқанын, оған су бұру арналарының, арықтардың, қорғаныш жер үйінділерінің болмауы себеп болғанын атап өтті.

Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында жауын-шашынның көп мөлшеріне дренаждық жүйелердің қуаты жетпеді, кей жерлерде олар мүлдем жоқ. Атырауда қар күрт еріп, көшелерді су басып қалған.

«Сондықтан, арықтарды, нөсер кәріздерін тазартып, уақытша жер үйінділері мен бөгеттер салу қажет. Индустрия министрлігі мен өңір әкімдері жолдарды, көпірлерді, су өткізу құрылыстарын бекіту жұмыстарын жалғастырсын. Қазгидрометтің болжамында айтылғандай, наурыз айында еліміздің оңтүстік және шығыс өңірлерінде ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады. Бұған дайын болу керек», - деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар, Премьер-Министр мына мәселелерді қамтамасыз етуді тапсырды.

«Төтенше жағдайлар министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, «Көктем-2023» республикалық оқу-жаттығу шаралары шеңберінде тасқын қаупі туындаған жағдайда нақты іс-қимыл алгоритмін пысықтасын. Жарылғыш заттар мен инертті материалдардың қажетті қорын дайындап, хабарландыру жүйелерінің дайындығын тексерсін. Қосымша күштер мен құралдар орналасатын жерлерді, эвакуацияланатын халықты қабылдау пункттерін және ауыл шаруашылығы жануарларын көшіру үшін қауіпсіз учаскелерді анықтау қажет», - деді Ә. Смайылов.

Екіншіден, Экология министрлігі өңір әкімдерімен бірге коммуналдық, жекеменшік және иесі жоқ гидротехникалық құрылыстарды жөндеу шараларын әзірлеп, қажет болған жағдайда олардың техникалық жағдайы мен жөндеу мәселесін Су кеңесінің қарауына шығаруы қажет.

«Үшінші, Қазгидрометтің наурыз айына болжамын ескеріп, су қоймаларын толтыру көлемін қайта қарау керек және қажет болса, оларды алдын-ала қауіпсіз жағдайда босату жөнінде шаралар қабылдануы тиіс. Қазіргі таңда бұл мәселе бойынша республикалық деңгейде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары жетекшілік ететін үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр. Комиссия жағдайды бақылауда ұстап, су тасу жағдайларында жедел әрекет етуге дайын болуы тиіс», - деді Әлихан Смайылов.


Фото:primeminister.kz



Соңғы жаңалықтар