Биыл Талдықорған-Өскемен, Талдықорған-Достық жолдарының құрылысы басталады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Талдықорған-Өскемен, Талдықорған-Достық жолдарының құрылысы басталады. Бұл туралы бүгін Үкіметтің кезектен тыс отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2016 жылы республикалық маңызы бар ұзындығы 913 шақырым жолда жұмыстар аяқталды. Ол жұмыстарда 75 мың адам жұмыс істеді. Биыл 4,5 мың шақырым жолда жөндеу жұмыстарын жалғастырамыз. Жылдың соңына дейін 600 шақырымда учаскелер бойынша аяқтаймыз деп жоспарлаудамыз. Былтыр Астана-Теміртау, және Алматы-Қапшағай жолдарын бітірдік. Енді Күрті, Бурылбайтал одан ары Балқаш бағытында жүргіземіз. Астанадан Өскеменге баратын жолдың ең үлкен жұмыстары Астана мен Павлодардың ортасында жүргізіледі. Биыл учаскелердің басым бөлігінде жұмыстарды бітіреміз. Бір-екі проблемалы учаскелер бар. Олар бойынша шешімдер қабылдануда», - деді Жеңіс Қасымбек.
Сонымен қатар ол биыл қолға алынған жаңа жолдардың құрылысына да егжей-тегжейлі тоқталып өтті.
«Биыл екі жаңа жоба бар. Ол Талдықорғаннан Өскеменге, Талдықорғаннан Достыққа баратын жолдар. Бұл жаңа жобалар биыл басталды, оны 3 жылдың ішінде бітіреміз деп отырмыз. Ақтөбе-Атырау ары қарай Астрахань жаққа баратын жол бар. Бұл жолдың екі учаскесінде жұмыстарды былыр бастадық. Қалғандарында осы жылдың 2-3 тоқсанында құрылыс жұмыстары басталады деп күтілуде. Маңғыстау облысында Бейнеуден Шетпеге баратын жолды былтыр бітірдік. Енді Шетпеден Жетібай, ары қарай Ақтауға баратын жол бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жоспарымызға сәйкес келесі жылы аяқталады», - деді министр.