Биыл «Талдықорған-Өскемен» жолының жөнделген бөліктері толық ашылады
«Еліміздің оңтүстік-шығыс өңірінде «Талдықорған-Өскемен» (768 км) автомобиль жолын реконструкциялау қарқынды жүріп жатыр. Бүгінгі таңда жолдың 649 шақырымында көлік қозғалысы ашылған», - деді А. Беков Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, 2023 жылы аталған жолдың учаскелерін толық ашу жоспарланып отыр. Жобаны толық аяқтау 2024 жылға белгіленген.
Сонымен қатар комитет басшысы еліміздің батысында «Ақтөбе – Атырау – Астрахан» дәлізін (819 км) дамыту іс-шаралары жалғасып жатқанын айтты.
«Биыл «Қандыағаш-Мақат-Атырау» (440 км) учаскесін аяқтаймыз, ол бойынша көлік қозғалысы толығымен ашық. Сондай-ақ, «Ақтөбе-Қандыағаш» учаскелері бойынша қайта жаңартуды жалғастырамыз», - деді ол.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2023 жылдың қорытындысы бойынша нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық желі бойынша 92 пайызға және жергілікті желі бойынша 87 пайызға дейін жеткізілмек.
Жыл аяғына дейін «Орталық – Оңтүстік» дәлізі бойынша жол учаскелері ашылады.