Биыл Талдықорғанда бірнеше нысан ел игілігіне беріледі

Бүгін Алматы облысы әкімінің міндетін атқарушы Ләззат Тұрлашов пен Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев қаладағы құрылыс нысандарын аралады.
Әкімдер бастаған топ алдымен 6-шағын ауданда салынған 168 пәтерлі көпқабатты үйдің құрылыс барысымен танысты. Тұрғын үй кешенінің жалпы құны 918 млн теңгеден асады. Үйлер наурыз мейрамы қарсаңында тапсырылмақ.
Екінші нысан - қаланың оңтүстік батыс бөлігінде салынып жатқан Көрме кешені. Мұнда негізгі жұмыстардың барлығы аяқталған. Енді ішкі әрлеу, ауласын абаттандыру істері қалған. Ғимарат жуырда қолданысқа берілмек.
Келесі нысан - жаңа драма театр. Бүгінде оның іргетасы құйылып, қабырғалары тұрғызылып жатыр. Жоспар бойынша театр 2018 жылдың жазында қолданысқа берілмек.
Осы маңда салынып жатқан Салтанат сарайы да биыл күзде қолданысқа берілетін болады. Жалпы құны 900 млн теңгеден асатын нысан қаланың көз тартар көрікті ғимараттарының бірі болмақ.
Әкімдер тобы тоқталған соңғы нысан - этноауыл. Бұл да биыл қолданысқа берілмек. Жалпы құны - 280 млн теңге тұрады.
«Бүгін біз аралаған ғимараттардың дені келешек Талдықорғанның келбеті болады. Сондықтан, құрылыс нысандарындағы жұмыс сапасы үнемі бақылауда болуы керек»,-деп атап өтті Тұрлашев.
Сондай-ақ, облыс әкімінің міндетін атқарушы мұндай тексерулер енді әр сенбі сайын өтетінін айтты.