Биыл Татарстанда тоғызыншы сынып оқушылары татар тілінен емтихан тапсыруға міндеттелді

Республиканың Білім және ғылым министрінің орынбасары Людмила Нұғыманованың айтуынша, оны дәстүрлі түрде де, тест түрінде де тапсыруға болады, деп хабарлайды Утро.ру.
REGNUM ақпарат агенттігі хабарлағандай, Қазан қаласындағы «РФ-дағы ұлттық республикалар мектептеріндегі орыс тілі» қоғамының белсендісі Екатерина Беляеваның айтуынша, мұндай талап заңға қайшы және оны Татарстанның Білім және ғылым министрі Альберт Гильмутдиновтің бұйрықпен бекіткендігі ақылға сыймайды. Бұл бұйрық күшіне енісімен, аталмыш қоғамның белсенділері РФ Білім және ғылым министрлігіне хат жолдаған.
Хатқа әлі жауап келе қойған жоқ, алайда РФ заңдары бойынша кез келген білім беру мекемесінде мемлекеттік қорытынды аттестациядан өту кезінде тек орыс тілі мен математика ғана міндетті пәндер болып саналады. Ал басқалай жалпылама пәндер бойынша емтихан тапсыру түлектердің таңдауы бойынша ерікті түрде жүргізілуі тиіс.