Биыл Тәуелсіздік даңғылындағы Есіл өзені арқылы өтетін автомобиль көпірі ашылады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл Тәуелсіздік даңғылындағы Есіл өзені арқылы өтетін автомобиль көпірі ашылады. Бұл туралы бүгін өзінің Facebook парақшасында елорда әкімі Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл Тәуелсіздік даңғылында Есіл өзені арқылы өтетін автомобиль көпірін ашамыз. Аталмыш көпірдің құрылыс барысымен таныстым, ол көлік қозғалысын едәуір жылдамтады: Тәуелсіздік даңғылы, жаңа теміржол вокзалы аумағы, Қошқарбаев даңғылы, Нәжімеденов көшесі, Әзірет Сұлтан мешіті, Байтұрсынов, Қордай, Айнакөл көшелері, Момышұлы даңғылы және сол жағалау арасында қосымша байланысты қамтамасыз етеді. Көпір құрылысының қарқынын арттыруды міндеттедім»,-деп жазды әкім.
Оның сөзінше, көлік нөпірін жеңілдету үшін жаңа көшелер салуды, жаңа жолдар ашуды, жаңа көпірлер жобалау жалғасады.
«Аудандар мен коммуналдық қызметтерге қар күреу жұмысын күшейтуді тапсырдым. Ауа райының құбылмалылығын, оның ішінде температураның төмендеуін ескерер болсақ, қозғалысы қарқынды учаскелердің, әлеуметтік нысандарға кірер жолдардың, тротуарлардың, аялдамалардың және т.б. қарын күреуге ерекше назар аудару қажет»,-дейді Жеңіс Қасымбек.