Биыл тіркелмеген дәрі- дәрмек сатудың 2 фактісі ғана анықталған

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Биыл ел аумағында тіркелмеген дәрі- дәрмек сатудың екі дерек анықталды. Жалпы, Алматыда 1300-ден жуық дәріхана ресми түрде жұмыс істейді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мұрат Мұхамедьяров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл тіркелмеген дәрі- дәрмек сатудың 2 фактісі ғана анықталған

Оның айтуынша, жиі кездесетін заңбұзушылықтардың бірі – дәріхана ұйымдары мен медициналық ұйымдардың жағдайында дәрілік заттарды сақтау тәртібін бұзу, сондай-ақ дәрілік заттарды рецептсіз беру. Басқа бұзушылықтар болып жатады, бірақ өте сирек.
«Мысалы, биыл Қазақстан аумағында тіркелмеген дәрілік препараттарды сатудың екі фактісі тіркелді»,- дейді ол.
Сонымен қатар Мұрат Мұхамедьяров дәріханаларға қойылатын талаптарға тоқталды.
«Егер дәріхананы жеке кәсіпкер ашса, онда жеке тұлғаның жоғары фармацевтикалық білімі болуы, үй-жайдың ауданына қойылатын талаптарды сақтау (дәріхана үшін ол кемінде 30 шаршы метр), қажетті құрал-жабдық болуы керек. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаментінің сайтында дәріхана ұйымдарының қызметіне қатысты барлық нормативтік-құқықтық актілермен танысуға болады. Бүгінгі таңда бізде 1353 дәріхана ұйымы, 341 дистрибьютордың көтерме қоймасы және 32 өндірістік нысан деректер базасынан өтеді», - деді спикер.