Биыл Түркістан облысында 900 шақырым жол жөнделеді

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында 900 шақырымнан астам жол жөнделеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Биыл Түркістан облысында 900 шақырым жол жөнделеді

Түркістан облысында автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы - 16 500 шақырым. Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі өткен жылы 74,1% құраса, биыл 77,6%-ға жеткізу көзделуде.

2019 жылы 1 740-қа жуық шақырым жол мен көшелерге құрылыс-жөндеу жұмыстары жүріп, 1 300-дей шақырымы пайдалануға тапсырылды. 2020 жылы құрылыс-жөндеу жұмыстарымен 917,9 шақырым жол мен көшелерді қамту көзделуде. Жыл қорытындысымен 605,6 шақырымы пайдалануға берілмек.

Облыс орталығы Түркістан қаласына көшелердің жалпы ұзындығы - 845 шақырым. Былтыр 86,4 шақырым көшеде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 33,6%-ға жетті. Биыл 135,5 шақырым көшені жөндеу жоспарланған.

Шілде айында аталған жұмыстар толығымен пайдалануға беріледі. Түркістан қаласында жақсы және қанағатты жағдайдағы көшелер үлесін 49,4%-ға арттыру көзделуде.