Биыл Үкімет әлеуметтік тапсырысқа 9 млрд. теңге бөлді - Тасмағамбетов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Үкімет әлеуметтік тапсырысқа 9 млрд. теңге бөлді. Бүгін 7-ші Азаматтық форумда сөз сөйлеген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл әлемді шарпыған дағдарысқа қарамастан Үкімет тек әлеуметтік тапсырысқа 9 млрд. теңге бөлді. Есесіне бүкіл елімізде қоғамның сан түрлі бағыты бойынша екі мыңнан аса жоба іске асты. Жүздеген ұйым одан ары дамуға мүмкіндік алып, мыңдаған адам жұмыспен қамтылды. Көріп отырсыздар, бұрын басқаша еді. Үкімет барлық мәселені шешуді өз қолына алатын. Ал қазіргі заман ағымы бөлек. Ол да болса өздеріңіз сияқты ой-өрісі еселі тұлғалар мен қызметі белсенді ұйымдардың арқасы», - деді ол.
Тастамағамбетов ел-жұртымыздың тұрмысын жақсартып, өмір сапасын көтеру ісіне азаматтық күштердің үлесі де, салмағы да ерекше екендігін баса айтты. Ал өмір сапасы дегеніміздің өзі жинақтап айтқанда әрбір отбасының молшылық пен берекелі тұрмысы, мықты денсаулығы, балаларының сапалы білімі мен жақсы тәлім-тәрбиесі, қауіпсіздігі мен қолайлы қоршаған ортасы екендігін атап өтті.
«Мұның барлығы осы жиынның аясында қызу ой елегенінен өтіп, тиімді де түсінікті көзқарастарға айналғаны анық. Бұл ұсыныстар міндетті түрде қазір жобасы дайындалып жатқан жаңа заңға да, келесі жылы жарияланатын әлеуметтік тапсырыстарда да ескерілетін болады», - деді Тасмағамбетов.