Биыл үкіметтік емес ұйымдар 226 әлеуметтік маңызы зор жобаларды жүзеге асырды - IV Азаматтық форум
А. Қарашаның 24-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспанәлиев/ - Биыл Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен 206 үкіметтік емес ұйым 226 әлеуметтік маңызы зор жобаларды жүзеге асырды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасымен алғаш рет республикалық этномәдени бірлестіктер мен шығармашылық одақтардың қызметіне қолдау көрсетілді.
Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан IV Азаматтық форумда Мемлекеттік хатшы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, алдағы үш жылда үкіметтік емес ұйымдардың жобаларын қаржыландыру көлемі республикалық деңгейде 1,5 млрд. теңгеге жуықтайды. Ал жергілікті аймақтарда бұл көрсеткіш миллиардты құрайды. «Бұл әр жыл сайын бөлініп тұратын қаржы», деді Мемлекеттік хатшы. Сондай-ақ ол елімізде үкіметтік емес сектордың инфрақұрылымын дамыту жұмыстарының жалғасып жатқандығын атап көрсетті.