Биыл Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты қандай болмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық банкі банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасын іске асыруды жалғастырады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің экономикалық саясаттың 2018 жылға арналған негізгі бағыттары жөніндегі мәлімдемесінде айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биыл Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты қандай болмақ

«Ұлттық банк инфляциялық таргеттеу және теңгенің өзгермелі айырбастау бағамы саясаты режімінде ақша-кредит саясатын іске асыруын жалғастырады. Ағымдағы жылы Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты инфляцияны жылдың соңында неғұрлым төмен нысаналы бағдар 5,0-7,0 пайызға жеткізуге бағытталады. Бұл мақсатты қамтамасыз ету инфляцияны 2020 жылдың соңына қарай 4 пайызға дейін біртіндеп төмендетудің маңызды қадамы болады. Инфляция бойынша мақсатқа қол жеткізу үшін ақша-кредит саясаты құралдарының стандартты жиынтығы пайдаланылады, бұл ретте жекелеген элементтерді жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғастырылады», - деді мәлімдеме жобасын таныстырған Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев.

Оның сөзіне қарағанда, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені инфляцияның нақты және болжамды мәндеріне қарай белгілейтін болады. Бұл ретте макроэкономикалық теңгерімді сақтау үшін нақты көрсетілетін базалық мөлшерлемеге экономиканың ұзақ мерзімді өсу қарқынынан аспайтын деңгейде қолдау көрсетіледі.

«Ұлттық банк банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасын іске асыруды жалғастырады. Банктерді біртіндеп қалыпқа келтіру экономиканың нақты секторын кредиттеуге қолдау көрсетеді. Қаржылық реттеу саласында 2018 жылы жұмыс инвестициялық шешімдер сапасын арттыруға, қаржы компаниялары басшылары мен иелерінің, тәуелсіз аудиторлардың қаржылық есептілік сапасы үшін жауапкершілігін күшейтуге бағытталады. Сонымен бірге, ырықтандырылған валюталық режім сақталған жағдайда валюталық бақылауды күшейту жөнінде шаралар қабылдау болжанып отыр», - деді Ұлттық банк төрағасы.