Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуді республика бойынша 110 000 түлек тапсырады

АСТАНА. Мамырдың 1-і. ҚазАқпарат - 2010 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуді республика бойынша 110 000 түлек тапсырады. Бұл барлық бітірушілердің (138 012) 80 пайызын құрайды.
None
None

Тестілеу маусымның 4-10 аралығында, 49 қала мен 105 аудан орталықтарында өтетін болады. Әр пән бойынша тестілік тапсырмалардың саны - 25, барлығы бес пән бойынша - 125, тестіні тапсыруға оқушыға 210 минут немесе 3,5 сағат уақыт беріледі.

Биыл ҰБТ-ның ережелеріне аздаған өзгерістер енгізілді. Мәселен, бұған дейін республиканың ЖОО-ларына мемлекеттік грант бойынша немесе ақылы негізде оқуға түсу үшін, ҰБТ-да жиналған балдардың ең төменгі шегі 45 болса, биыл ол 50-ге дейін (медициналық мамандықтар үшін - 55 балға дейін) көтерілді.

Сонымен бірге, оқушының ҰБТ-да жинаған ұпай сандарын оның аттестатына енгізу кестесінде де өзгерістер бар. Мәселен, егер бұрын «қанағаттанарлықсыз», яғни «екі» деген баға, оқушының жинаған ұпайы 0-ден 3-ке дейін болған жағдайда қойылып келсе, биыл ол 0-4-ке дейін артты. Яғни «оң» баға алу үшін оқушыға 4 және одан жоғары ұпай жинауы қажет.

Айта кетейік, «Мемлекеттік құпиялар туралы» ҚР Заңына сәйкес дұрыс жауаптар коды мемлекеттік құпиялар қатарына жатқызылған.

Бір лектегі тестіленушілер саны 800 адамға дейін азайтылды. Техника істен шығып жатқан жағдайда олар дереу алмастырылатын болады. Әрбір облыс орталықтарында резервтер қарастырыған.

Тестілік тапсырмаларды бағалау кезінде бірыңғай талаптардың сақталауын, даулы мәселелерді шешу мен ҰБТ-ға қатысушылардың құқықтарын қорғау үшін, тестілеу өткізілетін уақыт аралығында аппеляцияларды қарау жөніндегі республикалық комиссиялар құрылады. Мұндай комиссиялар ҰБТ өткізілетін әрбір пунктте жұмыс істейтін болады.

Ұлттық оқу орындарын бітірушілерілер (ұйғыр, өзбек, тәжік) ҰБТ-ны қалаулары бойынша өздерінің мемлекеттік немесе орыс тілінде тапсыра алады.

Соңғы жаңалықтар