Биыл Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт 2 трлн. 880 миллиард теңгені құрайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2016-2018 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс енгізу туралы» заң жобасы қаралды.
Аталған заң жобасы бойынша Ұлттық қордан 2016 жылға кепілдендірілген трансферт сомасы түзетіледі. ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, Қазақстан Республикасының 2016-2020 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын нақтылауға байланысты және АҚШ долларының есептік көрсеткіші 300-ден 360 теңгеге ұлғайтылады. «Осыған байланысты Ұлттық қордан берілетін трансферт көлемі 2016 жылы 2 880 миллиард теңгені құрайды», - деді министр.
Сонымен қатар, комитетте «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Заң жобасына сәйкес, 2016 жылға кірістердің нақтыланған болжамы (трансферттердің түсімін есептемегенде) 3 365,3 миллиард теңге болып белгіленді, бұл бұрын нақтыланған бюджетке 300,0 миллиард теңгеге аз. Салық түсімдері бойынша болжам бекітілген 305,0 миллиард теңгеге азайып, 3 189,8 миллиард теңге сомасында белгіленді. 2016 жылға трансферт түсімі 3 903,1 миллиард теңге сомасында көзделіп отыр, оның ішінде айырбас бағамын түзетуге және «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасының шығыстарын қайта қарауға байланысты 720,5 миллиард теңгеге ұлғайып, Ұлттық қор трансферті 3 687,5 миллиард теңге болды.
Бюджет шығыстары 600,2 миллиард теңгеге өсіп, 8 266,8 миллиард теңгені құрайды. Республикалық бюджет тапшылығы 2016 жылы 179,2 миллиард теңгеге ұлғайып, 902,7 миллиард теңге немесе ЖІӨ-нің 2 пайызы шамасында белгіленген.
Заң жобасы алдағы уақытта өтетін палатаның жалпы отырысына шығарылады.