Биыл үшінші газ жылу станциясының құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз – елорда әкімі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана әкімі Жеңіс Қасымбек биыл үшінші газ жылу станциясының құрылысы басталатынын мәлім етті.

Биыл үшінші газ жылу станциясының құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз – елорда әкімі
Фото: instagram.com/jenis_qasymbek

Бұл туралы ол өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қаланың тіршілігі тоқтаусыз жүру үшін бірқатар маңызды нысан саламыз. Олар – «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциялары, сондай-ақ құрылысы ұзаққа созылған ЖЭО-3 нысанын аяқтаймыз. ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов инфрақұрылым нысандарының құрылыс барысын тексерді.


Қалада жылыту маусымы шамамен 7 айға созылады. Газ жылу станциялары мен ЖЭО-3-ті алдағы жылыту маусымында кезең-кезеңімен пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз»,-деді елорда басшысы.

Оның сөзінше, мәселен газ жылу станциялары мен ЖЭО-3 осы жылыту маусымында 1100 Гкал/сағ жылу береді, бұл бізге профицитке шығуға мүмкіндік береді.


«Сонымен қатар биыл үшінші газ жылу станциясының құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз»,-деді әкім.

Айта кетейік, бүгін Әлихан Смайылов Астанадағы жаңа газ жылу стансалары және 3-ЖЭО құрылысымен танысты.