Биыл ұялы байланыс қызметтеріне тарифтер төмендемейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл ұялы байланыс қызметтеріне және интернетке тарифтерді төмендету жоспарланып отырған жоқ. Бұл туралы ҚазАқпараттың ресми сауалына ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Биыл ұялы байланыс қызметтеріне тарифтер төмендемейді

Осы ретте ведомство «Байланыс туралы» 2004 жылғы 5 шілдедегі № 567 Қазақстан Республикасы заңының 20-бабының 1-тармағына сәйкес, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше шаралар көзделмесе, байланыс операторлары байланыс қызметтеріне арналған тарифтерді негізделген шығындарды негізге ала отырып дербес белгілейтінін атап өтуде.

«Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2015 жылғы 24 ақпандағы №171 бұйрығымен бекітілген Байланыс қызметтерін көрсету қағидаларының 26-тармағына сәйкес, ұялы байланыс операторы абоненттерге ұсынатын тарифтік жоспарларды қалыптастырады. Тарифтік жоспарлар тізбесі, оларды пайдалану шарттары (олардың қолдану мерзімі немесе басқа да шектеулер), оларға енгізілген ұялы байланыс қызметтерін және оларға тарифтерді ұялы байланыс операторы анықтайды. Осылайша, қазіргі уақытта мемлекет ұялы байланыстың басым операторлары тарифтерінің шекті деңгейін реттейді, ал тарифтік жоспарлар мен олардың шарттарын олар өздері нарық конъюнктурасына сүйене отырып, дербес қалыптастырады»,-делінген министрлік мәліметінде.