Биыл Зеренді мен Бурабай арасында жаңа жол пайдалануға беріледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Щучинск-Зеренді» автожолын қайта жаңарту жұмыстары 2019 жылы аяқталады. Бұл туралы ҚР ИИДМ баспасөз қызметінен мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биыл Зеренді мен Бурабай арасында жаңа жол пайдалануға беріледі

Щучинск-Зеренді» автожолы екі курорттық аймақты, сондай-ақ тұрғындар тығыз шоғырланған Златополье, Савинка, Веденовка, М.Ғабдуллин, Серафимовка және басқа да ауылдарды байланыстыратын күре жол.

«Жалпы ұзындығы 80 шақырым құрайтын көлік жолына қайта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бас мердігер жобаға сәйкес жол бойына 63 су өткізу құбырын, екі демалыс алаңын,4 автобус павильонын, 15 шақырым қар ұстайтын қоршаулар мен 14 шақырым тосқауыл қоршауларын орнатуы тиіс. Сонымен қатар, Зеренді кентіндегі бағдаршам қиылыстарын және М.Ғабдуллин, Серафимовка ауылдарының жанынан өтетін автожолдың бойын жарықтандыруы керек. Осы жоба аясында Зеренді кентіндегі ДЭУ-73 (жолға қызмет көрсету кешені) және Щучинск қаласындағы ДЭУ-5 қайта құру қарастырылған», - делінген ведомство мәлеметінде.

Қайта жаңарту жұмыстары аясында «Щучинск-Зеренді» бағытындағы жол II-ші және III-ші техникалық санаттағы асфальт-бетонды екі жолақты автожол болады.

«Қазіргі таңда жол-құрылыс материалдары толық көлемде дайын. Бүгінде жер төсемдерін кептіру, жол жиектерін айналма жолға сәйкес келтіріп,айналма жолды салу үшін тасқын суларды бұру бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Жобаны 2019 жылы толық аяқтау жоспарланған», - деп атап өтілген хабарламада.