Биыл Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойы тойланады

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында өткен брифингте облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Басқарма басшысының айтуынша, ағымдағы жылы Жамбыл облысының 80 жылдығымен қатар, Тұрар Рысқұловтың - 125, облыстық «Знамя труда» газетінің - 100, облыстық «Jambyl» телеарнасының - 30 жылдығы және «Бірлік түбі - береке» қоғамдық форумы ұйымдастырылмақ.

Брифингте Берік Уәлиұлы басқарманың өткен жылы атқарған жұмыстары жөнінде есеп берді. 2018 жылы Өңірлік коммуникациялар алаңында 165 брифинг өткізіп, республика бойынша үздік төрттіктен көрінгенін жеткізді. Сондай-ақ, өткен жылы облыс бойынша әкімдіктер мен басқармалардың баспасөз хатшыларына арнайы 3 оқыту семинары өткізіліп, барлық мекемелердің әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары қайта жаңартылып, белсенді жұмыс жүргізуде.

«Ішкі саясат саласында азаматтық қоғам институттарымен тығыз қарым-қатынас орнату - ерекше маңызға ие. Өңірде 87 этностың өкілдері тұрады, 26 облыстық, бір қалалық және 47 аудандық этномәдени бірлестік жұмыс істейді. 854 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Олардың 60 пайызы - облыс орталығында, 40,0 пайызы - аудандарда шоғырланған. Қазіргі таңда ҮЕҰ-дың 200-ден астамы белсенді жұмыс атқаруда. 6 саяси партияның филиалы істеп тұр. 2018 жылы облыс бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа 49 бюджеттік бағдарлама әкімшісі қаржы қарастырған», - деді Берік Уәлиұлы.

Айта кетейік, облыстық басқарманың ендігі негізгі жұмыстарының бірі - 1 қарашада бекітілген жаңа Елтаңбаны ауыстыруға бағытталмақ. Елтаңбаның жаңа үлгісіне жергілікті атқарушы органдар мен білім беру мекемелері 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін, аумақтық департаменттер мен басқармалары 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін ауыстыруға міндеттеліп отыр. Бұл орайда биыл жергілікті атқарушы органдар тарапынан 140,7 млн теңге қаражат қаралуда.

Соңғы жаңалықтар