Биыл Жамбылда бидай мен арпа түсімі бір центнерге артқан

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында күзгі жиын-терім жұмыстары 90 процентке аяқталды. Жергілікті шаруалар қалған өнімдерді жинап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл Жамбылда бидай мен арпа түсімі бір центнерге артқан

Аймақта 687 мың гектардан астам алқапқа ауылшаруашылық дақылдары егілген. Оның 200 мыңы - мал азығы саналатын көпжылдық шөптер.

Сала мамандарының айтуынша, биыл бидай мен арпа орта есеппен гектарынан 23 центнерден жиналған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 центнерге жоғары. Нәтижесінде қамбаға 331 мың тонна бидай, 430 мың тоннадан астам арпа түсіп отыр. Жалпы, өңірде қазір дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар - 97, көкөніс - 96, майлы дақылдар - 98, қант қызылшасы - 10 процентке, ал бақша дақылдары - 100 процент жинап алынды.

«Жүгері жинау жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінде ол 45 пайызға аяқталды. Әлі 55 проценті жиналуы керек. Негізгі дақылдардың барлығын 1 қарашаға дейін бітіреміз деп отырмыз. Бірақ қант қызылшасы дақылын жинау сол 1 желтоқсанға дейін барадыз», - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Шәкір Момынқұлов.