Биыл жаңа студенттер жатақханасының құрылысы басталмақ? ЕҰУ-дің ректоры
АСТАНА. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Биыл біз Еуразия ұлттық университетінің студенттеріне арналған жаңа жатақхананың құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз.
Бұл туралы бүгін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кеңесінде осы білім ордасының басшысы Бақытжан Әбдірайымов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Еуразия ұлттық университетіне жыл сайын келетін талапкерлердің көбеюіне байланысты болашақта университет жанындағы студенттер жатақханаларының орны аздық етеді деген болжам бар. Бізде бар жоспарларымыздың басым бөлігі бүгінгі әлемдік қаржы дағдарысы салдарынан қысқартылып қалды. Бірақ біз студенттерге арналған жаңа жатақхананың құрылысын биылдан қалдырмай бастауды жоспарлап отырмыз», - деді Б.Әбдірайымов.Айта кетейік, Еуразия ұлттық университетінің жаңа студенттер жатақханасының жалпы құны 487 млн. теңгені құрап отыр. Бес қабатты ғимараттың жалпы ауданы ? 4 120 шаршы метр. Иманов пен Гумилев көшелері қиылысында орналасатын жаңа жатақхана 265 орынға есептелген.