Биыл жазда ауа райы қандай болады - Қазгидромет болжамы
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Қазгидромет» РМК Гидрометорталықтың директоры Марина Шмидт жаз айларындағы ауа райына қатысты болжамымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Маусымда термометрдің сынап бағанасы климаттық норма бойынша өзгереді. Қиыр батыс және солтүстік-батыс аймақтардан басқа жерде жауын-шашын мөлшері әдеттегі нормадан көп жауады. Шілде айы Қазақстанның басым бөлігінде нормаға жуық болмақ. Тек еліміздің оңтүстік-батыс бөлігінде ауа температурасы 1°С-қа нормадан жоғары болуы мүмкін. Жауын-шашын еліміздің басым бөлігінде нормадан аз, еліміздің шығыс жартысында - нормаға жуық, тек шығыс және оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында нормадан көп жауады», - дейді Марина Шмидт ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, тамыз айы биыл жылы болады.
«Көптеген облыстарда ауа температурасы 1°С нормадан жоғары. Тек Қазақстанның солтүстік-батыс бөлігінде нормаға жуық болады. Жауын-шашын нормадан аз жауып, тек солтүстік және солтүстік-батыста, оңтүстік-шығыс бөліктің таулы және тау бөктері аймақтарында климаттық нормаға жуық, тіпті кей жерде көп мөлшерде жауады деп болжанады», - дейді ол.
Алдын ала болжам бойынша қыркүйек, қазан айлары жылы болмақ. Қазақстанның басым бөлігінде нормадан аз жауын-шашын мөлшері күтіліп, қазақстандықтар «алтын күздің» қызығын көрмек.
Еске сала кетсек, бүгінгі баспасөз мәслихатта «Қазгидромет» РМК Ауа райын ұзақ мерзімге болжау басқармасының басшысы Жұлдыз Исабекова сәуірдің ең суық күндері қай кезде болатынын жариялаған болатын.