Биыл Жетісай ауданында 900 гектарға жуық жерге қырыққабат егіледі
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысы, Жетісай ауданында 900 гектарға жуық жерге қырыққабат егіледі. Қазірдің өзінде жетісайлық шаруалар 80 гектар егістікке ерте пісетін қырыққабат отырғызып үлгерген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мырзашөл өңіріндегі бірқатар қожалықтардың тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев Атамекен елдімекеніндегі қырыққабат егіп жатқан «Тазабай» шаруашылығында болды.
Бүгінде аталған қожалық 5 гектар жерге 100 мың қырыққабат көшетін отырғызуда. Егістік алқабында 100-ге жуық адам көшет егіп, олардың әрқайсысына күндігіне 1500 теңгеден еңбекақы төленуде. Шаруа қожалығының мүшесі Құттыбек Шабаевтың айтуынша, бүгін егілген қырыққабат сәуір айының алғашқы 10 күндігінде пісіп жетіледі. Ол үшін ауа-райы қолайлы болуы қажет.
Өндірілген өнімнің басым бөлігі көрші Ресей нарығына жөнелтілетін болады. Атамекен ауылдық округінің әкімі Ерболат Раевтың айтуынша, биыл диқандар 250 гектар жерге қырыққабат, 110 гектарға көкөніс, 950 гектарға бақша өнімдерін отырғызуды жоспарлап отыр. Сол сияқты Абай ауылдық округіндегі «Еркебай» шаруа қожалығы 30 соттық жерге жылыжай орнатып, бүгінде ондағы көшеттер саны 1 млн данадан асқан.
Жалпы аудандағы жылыжайлардың жұмысымен танысқан әкім жылыжай көлемін ұлғайту мақсатында мемлекеттік жеңілдетілген несие мен көмектерді алуға шақырды.
«Ауданымызда биыл 14 мың 900 гектарға бақша өнімдері егілетін болады. Нақтырақ айтсақ, 9047 гектарға қауын, 5852 гектарға қарбыз егу жоспарлануда. Оның ішінде ерте егілетін қауын көлемі 6300, қарбыз 4200 гектарды құрайды. Сондықтан диқандардың көшетке деген сұранысы күн санап артып отыр. Сондай-ақ барлық ауылдық округтерде көшет әзірлеумен айналысатын қожалықтардың қатары да жыл санап көбейіп келеді», - деді Жамантай Бейсенбаев.