Биыл жиналған астықтың рекордты көлемі 15 млн. тонна астықты экспорттауға мүмкіндік береді - вице-министр
ТАНА. 26 қазан. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Биыл жиналған астықтың рекордты көлемі 15 млн. тонна астықты экспортқа шығаруға мүмкіндік береді.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен «Аграрлық инновациялар: қазақстандық бағдар» атты І Халықаралық конференцияда ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Марат Төлебаев мәлім етті.
«Бүгінде біз астық экспорттаушы жетекші 10 елдің қатарына еніп отырмыз. Ал ұн экспорты бойынша бес жыл қатарынан әлем бойынша көшбасшы болып келеміз. Биылғы жыл Қазақстан үшін - елеулі, себебі, тәуелсіздік жылдарында болмаған 29 млн. тоннадан астам дәнді дақылдарды жинадық. Бұл үстіміздегі жылы 15 млн. тонна астықты экспорттық әлеует ретінде қарастыруға мүмкіндік береді», - деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, 29,1 млн. тонна, бұл - бүгінгі күнге дейін жиналған астықтың көлемі, оның 24,3 миллионын бидай құрап отыр.