Биыл ЖІӨ өсімі 4 пайыз деңгейінде болжанады - вице-министр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл жалпы ішкі өнім өсімі 4 пайыз деңгейінде болжанады. Бұл туралы бүгін Сенатта Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халықаралық қаржы ұйымдарының бағалауы бойынша 2023 жылы әлемдік экономиканың өсуі 1,7-2,9 пайыз аралығында болжанады. 2023 жылға арналған Brent маркалы мұнай бағасының консенсус болжамы 1 барреліне 87,3 АҚШ долларын құрайды. Жыл басынан бері орташа баға 1 барреліне 84 доллар деңгейінде қалыптасты. Жедел деректер бойынша 2022 жылғы ЖІӨ өсімі 3,2 пайызды құрады», - деді вице-министр 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын таныстыра келеді.

Оның атап өтуінше, 2023 жылы салалық министрліктердің бағалауы бойынша экономика секторларында бұрын мақұлданған мәндерде оң серпін күтіледі.

«Бұл ретте 2022 жылы ЖІӨ бойынша жедел деректерге, 2023 жылға арналған әлемдік экономиканың өсуіне және экспорттық тауарлардың бағалары бойынша жаңартылған болжамдарға сүйене отырып, елдің макроэкономикалық көрсеткіштері бұрын мақұлданған деңгейде сақталды. Яғни, ЖІӨ-нің нақты өсімі 4 пайыз деңгейінде, мұнай бағасы барреліне 85 доллар, мұнай өндіру көлемі 92,6 млн тонна болып өзгеріссіз қалдырылды. Сондай-ақ өнеркәсіп - 4,6, ауыл шаруашылығы - 3, құрылыс - 3,8, сауда - 6,2, көлік салаларының 3,3 пайыз өсу болжамдары сақталды. Экспорттың көлемі 80,9 млрд доллар, импорттың деңгейі 45,7 млрд доллар деңгейінде қалдырылды», - деді Азамат Әмрин.


Соңғы жаңалықтар
telegram