Биыл «Жол картасы» аясында Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында 39 мың жұмыс орны құрылды - С.Нокин

АСТАНА. Шілденің 20-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Биыл «Жол картасы» аясында Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту жобаларын жүзеге асыру нәтижесінде елімізде 39 мыңға жуық жұмыс орны құрылды.

Биыл «Жол картасы» аясында Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында 39 мың жұмыс орны құрылды - С.Нокин

Бұл туралы бүгін селектор форматындағы Үкімет отырысында Құрылыс және Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері жөніндегі агенттігінің төрағасы Серік Нокин мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, ағымдағы жылы «Жол картасы» аясында Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бағыты бойынша 653 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Қазіргі уақытта 14 жоба, соның ішінде Қарағанды облысында - 11 жоба, Солтүстік Қазақстан облысында - 2 жоба және Маңғыстау облысында 1 жоба аяқталған. Қалған 639 жоба жүзеге асыру сатысында тұр. С.Нокин 2010 жылы «Жол картасы» аясында Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарын қайта жаңартуға және жөндеуге бас-аяғы 50,4 млрд теңге бөлінгенін айтты. Оның 32,8 млрд. теңгесі республикалық бюджеттің, ал 17,6 млрд. теңгесі жергілікті бюджеттердің қаржысы.

«Қазіргі күнде әкімдіктерге 32 млрд. теңге, соның ішінде республикалық бюджеттен 20 млрд. теңге және жергілікті бюджеттерден 12 млрд. теңге аударылды. Облыстардың және Астана мен Алматы қалалары әкімдіктерінің деректері бойынша, 29 млрд. теңге немесе аударылған қаржының 89 пайызы игерілген. Соның ішінде, республикалық бюджет қаржысының 93 пайызы және жергілікті бюджеттер қаржысының 84 пайызы қажетке жаратылды», - деді С.Нокин.

Оның айтуынша, республикалық бюджет қаржысын жеткіліксіз игеру Шығыс Қазақстан облысында (40 пайыз) байқалуда. Алайда бұл аталмыш өңірдегі өткен қыстағы ауа-райының қолайсыздығымен байланысты. Сондықтан да бұл өңір бөлінген қаржыны жыл соңына дейін толығымен игеретін болады. Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Оңтүстік Қазақстан облыстарында және Алматы мен Астанада қаржы түгелдей игерілген.