Биыл «Жол картасы» аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында 623 жоба жүзеге асырылады
АСТАНА. Ақпанның 16-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Биыл «Жол картасы» бағдарламасы аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында 623 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін Астанадағы семинарда ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері агенттігі Тұрғын үй саясаты және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы департаментінің Коммуналдық шаруашылықты дамыту басқармасының бастығы Индира Шерманова айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, «Жол картасы» аясында тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы саласындағы жобаларды жүзеге асыруға 48 млрд. теңге қарастырылып отыр. Оның 30,5 млрд. теңгесі республикалық бюджеттің, 17,4 млрд. теңгесі жергілікті бюджеттердің қаржысы. «Инженерлік желілер мен нысандарды жөндеу және жаңғырту бойынша 623 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 43 мыңнан астам жұмыс орны құрылады», деді ол.
И. Шерманованың сөзіне қарағанда, 2009 жылы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын жаңарту бойынша өңірлерде 862 жоба жүзеге асырылған. 737 шақырым электр желілері, 1029 шақырым сумен қамту желілері, 284 шақырым жылу трассасы, автожолдар, жүздеген мектептер мен ауруханалар, мәдениет және спорт нысандары жөнделген.