Биыл жұмыс күші тапшы өңірлерге басқа өңірлерден 1 300-ден астам отбасы көшірілді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері жұмыс күші тапшы өңірлерге басқа өңірлерден 1 300-ден астам отбасы көшірілді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл жұмыс күші тапшы өңірлерге басқа өңірлерден 1 300-ден астам отбасы көшірілді

«Өңір әкімдері Өңірлік жұмыспен қамту карталарын бекіткен болатын. Биыл жұмысқа орналастыру бойынша жоспарлы көрсеткіш – 947 мың адам. Жергілікті жұмыспен қамту органдары «10 мың тұрғынға – 100 жұмыс орны» бастамасы бойынша субсидияланатын жұмыс орындары аясында белсенді жұмыс жүргізуде. Жұмыс берушіге адамдарды жұмысқа қабылдау тиімді болады. Өйткені, ол үшін жергілікті бюджеттен субсидия алады», - деді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, жыл басынан бері жұмыс күші тапшы өңірлерге басқа өңірлерден 1 300-ден астам отбасы көшірілді.

«Бұл – жақсы көрсеткіш. Сонымен қатар көшіп келушілердің жаңа жерде тұрақтап қалуға мүдделі болуы үшін олардың бейімделуіне көбірек көңіл бөлу қажет. 1-ші шілдеден бастап өңірлерде Еңбек ұтқырлығы орталықтары жұмыс істей бастады. Бүкіл республика бойынша жұмыс орындарының бірыңғай базасы құрылуда. Бұл азаматтардың тек қала немесе аудан шегінде ғана емес, сондай-ақ өз облысында немесе одан тысқары жерлердегі бос жұмыс орындарына жұмысқа тұруына мүмкіндік береді», - деді Әлихан Смайылов.