Биыл жұмыспен қамтуға ықпал ететін бағдарламаларға 1 трлн. 100 млрд. теңге бөлінеді - Экономика министрі

АСТАНА. 4 наурыз. ҚазАқпарат - 2013 жылы елімізде жұмыспен қамтуға ықпал ететін барлық бағдарламаларға 1 трлн. 100 млрд. теңге бөлінеді.

Биыл жұмыспен қамтуға ықпал ететін бағдарламаларға 1 трлн. 100 млрд. теңге бөлінеді - Экономика министрі

Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев осылай айтты.

«Жол картасының» негізгі бағыттары - өз бетінше жұмыспен айналысатын халықты жұмысқа тарту, заңсыз сыртқы көші-қонға қарсы іс-әрекет секілді басым бағыттарға қаржылық қолдау. Атап айтқанда, әлеуметтік нысандарды қаржыландыру мен халықты жұмыспен қамтуға арналған мемлекеттік бюджет шығыстары оңтайландырылады. 2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджеттегі жұмыспен қамтуға ықпал ететін барлық бағдарламаларға 2013 жылы 1 трлн. 100 млрд. теңге қарастырылған», - дейді Ерболат Досаев.

Министрдің айтуынша, аталған бағыттарға 2014 жылы - 1 трлн. 200 млрд. теңге, 2015 жылы 900 млрд. теңге бөлу көзделіп отыр. «Бұл ретте жұмыспен қамтуды қолдау және еңбек нарығындағы үйлеспеушіліктерді жоюдың негізгі құралы елде іске асырылып жатқан «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы болуы тиіс деп есептейміз. Осы бағдарлама шеңберінде 3 жылдық кезеңде 3 мыңнан астам азамат жаңа жұмыспен қамтылатын болады», - дейді Е. Досаев.