Биыл жұмысшылардың алдындағы 1,5 млрд теңге еңбекақы қарызы өтелді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда еңбек даулары мен еңбекақы бойынша қарыздар азайып келеді.

Биыл жұмысшылардың алдындағы 1,5 млрд теңге еңбекақы қарызы өтелді

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында жаңа Еңбек кодексін құқықтық тұрғыда қолдану тәжірибесі мен жұмысшыларды қорғауға қажет шараларға қатысты баяндама жасаған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Бүгінде ел экономикасында жұмыспен қамтылғандардың саны 8,5 миллионнан асты немесе жалпы Қазақстан халқының 50 процентіне жуықтады. Азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау және еңбек қатынастарын реттеу қайсы қоғамның болса да, өзекті мәселесі болып келеді. Дүниежүзілік экономикалық форум еңбек нарығының тиімділігін жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі тізбесіне енгізіп, жыл сайын жұмыс берушілер арасында тәуелсіз сауалнама жүргізеді. 2016 жылдың қорытындысы бойынша, осы белді ұйымның жүргізген сауалнамасы бойынша, Қазақстан 140 мемлекеттің арасында 20-орынды алып, 30 дамыған мемлекеттің қатарына кірді. Бұл еңбек қатынастарын реттейтін тараптардың мүдделер тепе-теңдігін сақтай отырып, атқарылған жүйелі жұмыстың нәтижесі", - деп атап өтті Т. Дүйсенова. 

Жақын арадағы үш жылда, зиянды өндірісте жұмыс істейтін азаматтардың денсаулығын жақсарту мақсатында, қысқартылған жұмыс уақытын, жыл сайынғы қосымша төленетін еңбек демалысын және сүт немесе сүтке тең емдік-алдын алу тамақтарын тағайындау туралы салалық қағидаттар қайта сараптаудан өтпек. Сонымен қатар, министрлікте әйелдер еңбегін реттеуге ерекше көңіл бөлінбек.

Қазақстанда 122 еңбек стандарты бекітіліп, еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау талаптарынан тұратын 11 стандарт қайта қарастырылды   және бизнеске байланысты тексеру парақтарының талаптары 43-тен 24-ке дейін ықшамдалды.

 Нәтижесінде тексерілетін нысандар саны 2012 жылғы 18 мыңнан 2016 жылы 10 мыңға дейін азайса, 2017 жылдың 5 айында 5 мың ұйымның тыныс-тіршілігі екшелді.

"Биылғы 5 ай ауқымында 10 мыңнан астам жұмысшының 1,5 млрд. теңге қарызы өндірілді. Ағымдағы 2017 жылдың маусым айындағы еңбекақы бойынша қарыз 88 млн. теңгені көрсетуде. 2016 жылы өндірісте зардап шеккендердің саны 2015 жылмен салыстырғанда 2,4%-ға азайып (1723 адамнан 1683 адамға), 670 мыңнан астам жұмысшы зиянды еңбек ахуалындағы жұмысы үшін түрлі өтемақыларға ие болды. Бұл мақсатқа жұмыс берушілер жағы 99,7 млрд. теңге бөлді", - деді Т. Дүйсенова.

Жұмыс орындарының қысқаруына жол бермес үшін, Министрлік тарапынан тиісті меморандумдарға қол қойылуда. Қазіргі уақытта меморандумдар арқылы 2,8 млн. адамның жұмыс орнының сақталынуы көзделіп отыр.

Кәсіпорындарда қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыруда, құрамына жұмыс берушілер мен кәсіподақтар өкілдері кіретін 12 000 өндірістік кеңес жасақталды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп, кәсіподақтар қызметін жетілдіру мен еңбек кикілжіңдерін шешу мәселелері бойынша заң жобасы тұжырымдамасын әзірледі.