Биыл жыл басынан бері кеден саласында тек тауар контрабандасына байланысты 113 қылмыстық іс қозғалды
АСТАНА. Қазанның 19-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Кеден органының қызметкерлері экономикалық қылмыстарды анықтау шараларын белсенді жүргізуде. Биылғы жылдың басынан бері тек тауар контрабандасына байланысты 113 қылмыстық іс қозғалған.
Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 69 іске көп болып отыр. Бұл мәліметтерді бүгін Кедендік бақылау органдарының 9 айда атқарған жұмыстарына байланысты журналистермен болған брифингте Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетінің Контрабандамен күрес басқармасы бастығының орынбасары Мейірхан Мейірманқұлов келтірді.
Оның деректері бойынша, Алматы облысының кеден қызметкерлері контрабандалық жолмен және жалған құжаттар арқылы Қытайдан Қырғызстанға халық тұтынатын тауар тасымалдайтын арнаны анықтаған. Ал Жамбыл облысының кеден қызметкерлері қыркүйекте Қырғызстанға 200 миллион теңгені құрайтын ірі көлемде халық тұтынатын тауарларды контрабандалық жолмен тасымалдау әрекеттері бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғаған. Сондай-ақ
Батыс Қазақстан облысының кеден сақшылары жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан құны 10 миллиард теңгені құрайтын кедендік төлемдерді төлеуден бас тарту әрекетін анықтаса, ақтөбелік кеденшілер 55 цистерна мұнайды контрабандалық жолмен алып шығу әрекеті бойынша қылмыстық іс қозғаған.