13:48, 08 Қыркүйек 2010 | GMT +5
Биыл жыл соңына дейін Қазақстанның барлық өңірлерінде сумен жабдықтау қызметтеріне сараланған тарифтер енгізіледі
АСТАНА. Қыркүйектің 8-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Ағымдағы жылдың соңына дейін Қазақстанның барлық өңірлерінде сумен жабдықтау қызметтеріне сараланған тарифтер енгізілетін болады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Табиғи монополияларды реттеу агентігінің төрағасы Нұрлан Алдабергенов айтты.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі күнге дейін сумен жабдықтау қызметтеріне тұтынушылар талаптары бойынша сараланған тарифтер 13 өңірде енгізілген. Ал, жыл соңына дейін қалған 3 өңір, яғни Ақтөбе, Қостанай және Маңғыстау облыстарында сараланған тарифтерді енгізу қамтамасыз етіледі. Соның нәтижесінде су арналары табыстары 13,2 млрд. теңгеге өсетін болады. Суды тұтыну көлемі 10 пайызға дейін төмендеп, ол 33,3 млн. текше метрді немесе 1,67 млрд. теңгені құрайды. Н. Алдабергенов 2010-2014 жылдарға арналған тарифтік саясат жөніндегі салалық бағдарлама шеңберінде 2014 жылға дейін суға тұтыну көлеміне қарай тарифтерді одан әрі саралау көзделгенін атап көрсетті. Бұл жұмысты жүргізуге Дүниежүзілік қайта құру және даму банкі көмектеседі.