Биыл жылдық инфляция 20-21% деңгейінде қалыптасады - ҰБ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Инфляция жоғары деңгейде қалыптасып отыр. Қараша айында оның жылдық мәні 19,6% болып, барлық компонент бойынша өсті. Бұл туралы ҚазАқпарат Ұлттық банкке сілтеме жасап хабарлайды.

Биыл жылдық инфляция 20-21% деңгейінде қалыптасады - ҰБ
«Қараша айында айлық инфляция біршама баяулады, бірақ әлі де көп жылдық орташа деңгейден айтарлықтай асып, жоғары мәнде қалып отыр. Бұл ішкі сұраныс орнықты болған кездегі жоғары сыртқы инфляцияға және тұтынушылық тауарлар импортының логистикалық жолдарын жаңа сауда бағыттарына қайта бағдарлаудың жалғасуына байланысты. Осы ортада халықтың және кәсіпорындардың тарихи жоғары көрсеткіштерге жуық болып отырған инфляциялық күтулері мен тұтынушылық кредиттеудің өсуі – күшейтуші проинфляциялық факторлар. Тауар жеткізу тізбегі үзілген жағдайларда бекімеген инфляциялық күтулер қысқа мерзімді және де ұзақ мерзімді тауарларды тұтынуды ынталандырады. Сыртқы жағдайлар тарапынан монетарлық талаптарды жаппай күшету салдарынан бәсеңдеген әлемдік сұраныс нәтижесінде орта мерзімді кезеңде сыртқы ортаның проинфляциялық факторлары жеңілдейді деп болжанады. Астықтың бітік шығуы инфляцияға қысымның біртіндеп төмендеуіне қосымша фактор болады. Жалпы алғанда азық-түлік бағасының деңгейі жоғары болып сақталады. Украинадағы әскери қақтығыс – тәуекел факторы болады», - делінген Банктің хабарламасында.

Осы көрсетілген факторлар ескеріле отырып, инфляцияның болжамы қайта қаралған.

«Базалық сценарийде биыл болжам бойынша жылдық инфляция 20-21% деңгейінде қалыптасады. Бағалау бойынша инфляцияның шарықтау шегі 2023 жылдың 1-тоқсанында болады деп болжанады. Жоғары инфляциялық күту және дезинфляциялық сыртқы орта кезінде сауданы құрылымдық қайта құру нәтижесінде 2023 жылға инфляция бойынша болжам 11-13%-ға дейін көтерілді. 2024 жылы ішкі сұраныстың өсуі және күтудің мейілінше баяу төмендеуінен инфляция 7-9% шегінде болжанады. Инфляцияның осы траекториясы инфляциялық жағдайдың жеңілдеуіне қарай және дәнді дақылдардың бағасы тұрақталған cоң инфляциялық күтулер төмендеп, тарихи орташа деңгейде болатын жағдайда күтіледі. Бұл инфляцияның бұдан кейін нысаналы бағдарға жетуіне мүмкіндік береді», - деп толықтырды Ұлттық банк.
Еске салсақ, бүгін базалық мөлшерлеме тағы да көтерілді.