Биылдан бастап мемлекеттік органдардың жұмысы ақпаратқа қол жеткізу көрсеткішімен бағаланады - Абаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Министрлер кабинетінің бүгінгі отырысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен жұмысы бойынша есеп берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биылдан бастап мемлекеттік органдардың жұмысы ақпаратқа қол жеткізу көрсеткішімен бағаланады - Абаев

Оның айтуынша, осыдан екі жыл бұрын қабылданған "Ақпараттық қол жеткізу туралы" заңның негізгі мақсаты - мемлекеттік биліктің барлық тармақтарының ақпараттық ашықтығын қамтамасыз ету. Осыған байланысты министрлік аталған заңның толыққанды орындалуы үшін бірқатар шараларды қолға алды.

«Біріншіден, негізгі құқықтық-нормативтік база құрылды. Соның аясында ақпараттық қол жеткізу бойынша арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Оның құрамында үкіметтік емес ұйымдар аз емес. Олар барлық жұмысты қоғамдық бақылауда ұстап отыр. Екіншіден, өткен жылы заң нормаларын кеңінен түсіндіру үшін xалық арасында ақпараттық науқан ұйымдастырылды. Сан алуан семинарларға мемлекеттік қызметкерлер, жергілікті билік, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен журналистер қатысты. Бұл жұмыс әлі де жалғасып жатыр. Үшіншіден, министрлік ақпаратқа қол жеткізу туралы заң нормаларын жүзеге асырылуын үнемі назарда ұстап келеді. Осылайша, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың интернет ресурстарында заңның 16-бабымен қарастырылған 52 индикатордың болуына тұрақты мониторинг жүргізілуде. Оның нәтижесі бойынша мемлекеттік органдарға тиісті ұсынымдар беріліп отырады», - деп атап көрсетті Абаев.

Бұдан бөлек, мыңдаған заң жобалары интернет ресурстарда жарияланып келеді. Осылайша, заңдар мен бағдарламалар xалықтың талқысына салынады.

«Биылдан бастап мемлекеттік органдардың рейтингісінде ақпаратқа қол жеткізу туралы заңның талаптарын орындау көрсеткіші ескеріледі. Ол жағынан интернет ресурсты толтыру мен ашық мәліметтер порталына материал салу жұмысына база назар аударылады. Осыны ерекше атап өткім келіп отыр», - дейді министр.