Биылдың өзінде 150 мыңға жуық адам жаңа жұмыс орнына ие болды - Елбасы
АСТАНА. 3 қыркүйек. ҚазАқпарат - Биылдың өзінде елімізде 150 мыңға жуық адам жаңа жұмыс орнына ие болды. Олардың 3,1 мыңы өзін-өзі қамтығандар.
Бүгін ҚР Парламентінің бесінші шақырылымының екінші сессиясының ашылуы барысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.
«Менің әлеуметтік жаңғыру жөніндегі бастамам барша қазақстандықтар тарапынан қызу қолдауға ие болуда. Қоғам әлеуметтік дамудың нақты бағдарын айқындады. Бұл бағдар - «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы», халықты еңбекке баулу, жастарды солай тәрбиелеу. Мен елімізді көздеген мақсатқа жеткізетін 20 міндетті анықтап, құзырлы органдарға тиісті тапсырма жүктедім. Үкімет оны тиімді іске асырып жатыр. Осынау келелі іске халық қалаулылары да белсене атқаруға кірісті», - деді Н. Назарбаев.
Сонымен қатар Президент елімізде жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайызға дейін төмендегенін, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санының тұрғындардың үлес салмағы бойынша азайғандығын айтты.
«Тек биылғы жылдың өзінде елімізде 150 мыңға жуық адам жаңа жұмыс орындарына ие болды. Олардың үштен бірі өзін-өзі қамтығандар», - деді Мемлекет басшысы.