Биылғы 10 айда Қазақстанның сыртқы сауда көлемі 81 млрд. АҚШ долларын құрады - Экономикалық даму және сауда министрлігі
АСТАНА. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Биылғы 10 айда Қазақстанның сыртқы сауда көлемі 81 млрд. АҚШ долларын құрады. Бұл туралы бүгін 2010 жылдың 11 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындысына арналған Үкімет отырысында Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова мәлім етті.
«Биылғы қаңтар-қазан айларында Ресей және Беларуспен өзара сауданы қоса алғандағы сыртқы сауда көлемі 43,1 пайызға артып, 81 млрд. АҚШ долларын құрады», - деп атап өтті министр.
Оның сөзіне қарағанда, экспорт өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 52,6 пайызға өсіп, 51,4 млрд. АҚШ долларын құрады. Ал импорт 29,6 млрд. долларды құрап, 29,1 пайызға өсті. «Төлем балансы сальдосы оң болып 21,7 млрд. АҚШ долларын құрап, 2009 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есеге өсті»,- деп атап өтті Ж. Айтжанова.