Биылғы 7 айда «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы аясында жинақ туралы 53 мың келісімшарт жасалды
АСТАНА. 7 тамыз. ҚазАқпарат - Үстіміздегі жылдың қаңтар-шілдесіне «Қазақстан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ (ҚТҚЖБ) салымшылары 52 997 келісімшарт жасасты.
Бұл туралы ҚТҚЖБ басқарушы директоры Мұрат Шәріпов мәлім етті, деп хабарлады Primeminister.kz.
«Салымшылар саны жыл сайын артып келеді. Биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы 52 997 келісім-шарт жасалған. Жоспарды орындау деңгейі116 пайызды құрады», - деді М.Шәріпов.
1 тамыздағы мәлімет бойынша әрекеттегі келісімшарттардың жалпы саны 319 мыңнан асады. Депозиттік база көлемі 160 млрд. теңгеден астам қаржыны құрады.
«Меніңше, бұл өте жақсы көрсеткіш. 2012 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырсақ, ол кезде 44,6 мың келісімшарт жасалған болатын. Ал биыл 8,5 мыңға артық бекітілді. «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы іске қосылып, өзінің алғашқы нәтижелерін беріп жатыр», - деп атап өтті ҚТҚЖБ басқарушы директоры.
Естеріңізге сала кетейік, «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй құрылыс жинақтау жүйесін жүзеге асыратын «Қазақстан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Қазақстандағы арнайы қаржы институты болып табылады.
«Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы ҚР Президентінің тапсырмасымен жүзеге асырылуда. Тапсырманың негізгі мақсаты - 2020 жылға қарай жаңа тұрғын үйді жыл сайынғы пайдалануға беру көлемін 6 миллионнан 10 миллион шаршы метрге дейін арттыру.