Биылғы 8 айда 30,2 млрд. текше метр газ өндірілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылдың қаңтар-тамызында Қазақстанда газ өндіру көлемі 30,2 млрд. текше метрді құрап, өткен жылдың көрсеткішінен 6 пайызға асып түсті.
Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Ұзақбай Қарабалин мәлім етті.
«Мұнай өндіруде көбінесе ілеспе күйде шығатын газ туралы айтатын болсақ, оны өндіру деңгейі соңғы жылдары артып келеді. Биылға газ өндіру жоспары 42,2 млрд. текше мерді құрап отыр. Қаңтар-тамызда 30,2 млрд. текше метр газ өндірілді және бұл көрсеткіш былтырғы сәйкес кезеңге қарағанда 6 пайызға артық. Осы орайда ағымдағы жылы газ өндіруде оңтайлы қарқын қалыптасып отыр», - деді министрдің орынбасары.
Сонымен қатар ол 2015 жылдың қаңтар-тамызында 1 млн. 691 мың тонна сұйытылған мұнай газы өндірілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7 пайызға артық. Биылға жоспарланған өндіру көлемі 2 млн. 519 мың тоннаны құрап отыр.