Биылғы 8 айда елімізден кеткендердің саны 18 мыңнан астам адамды құрады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізге тұрғылықты тұрақтауға келгендердің саны 10 837 адамды құрады. Бұл туралы бүгін Астанадағы баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті.
«2014 жылғы қаңтар-тамызда елімізге тұрғылықты тұруға келгендердің тіркелу саны 10 837 адамды құрады, ал кеткендердің тіркелген саны 18 417-ні қамтыды. Еліміздегі негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен болуда»,- деді комитет басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, өңіраралық көші-қонның оң айырымы Астана (13 104), Алматы (9 854) қалаларында және Маңғыстау (794), Атырау (536), Ақтөбе (86) облыстарында қалыптасты.
Бұдан бөлек, 2014 жылғы қаңтар-тамызда АХАТ органдары 103,6 мың неке қию туралы акті жазбасын ұсынды. 2013 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда оның саны 4,4 пайызға азайды.
Сонымен қатар аталған мерзімде ажырасулар саны 34,8 мың болды. Бұл көрсеткіш былтырдың сәйкес кезеңіне қарағанда 2,1 пайызға көбейді.