Биылғы 9 айда өрттен қанша адам қаза тапқаны белгілі болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылғы 9 айда республикамызда 11 119 өрт оқиғасы орын алды, материалдық шығын көлемі 2 млрд. 372 млн. 994 мың теңгені құрады. Өрттен 242 адам қаза болып, 464 адам жарақат алды. Мұндай мәліметтерді бүгін ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінде «Жылу беру маусымындағы өрт қауіпсіздік шаралары туралы» тақырыбындағы брифингте өртке қарсы қызмет майоры Сәуле Ахметова келтірді.
«2013 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда өрт саны 16 пайызға өсті, материалдық шығын 22 пайызға, қаза болғандар саны 15 пайызға азайып, жарақаттанғандар саны 16 пайызға өсті», - деп атап өтті С. Ахметова.
Оның айтуынша, өрттің көп бөлігі тұрғын үй секторында орын алды (7384 өрт), ол жалпы өрт санының 67 пайызын құрап отыр. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 18 пайызға көп.
«Қаза болғандардың 87 пайызы, яғни 212 адам осы тұрғын үй секторында болған өрттердің құрбанына айналды», - деді С. Ахметова.