Биылғы аптап ыстық Ресейде адам өлімін көбейтті
АСТАНА. Қазанның 26-сы. ҚазАқпарат - Ресейде биылғы жаздағы аптап ыстық, былтырғы жылмен салыстырғанда, адам өлімінің 55,8 мың адамға артуына себеп болды, делінген РФ Экономикалық даму министрлігінің арнайы баяндамасында. Бұл туралы «РИА «Новости» агенттігі» хабарлап отыр.
«Ресей Федерациясында бұрын-соңды болмаған ыстық ауа райына, табиғи орман өрттері мен соның салдарынан орын алған көк түтіннің салдарынан, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, шілде айында - 14,5 мыңға, тамыз айында - 41,3 мыңға көп адам көз жұмды», - делінген баяндамада.
Биылғы жаз айларында Ресейде аптап ыстықтың және құрғақшылықтың салдарынан 1 миллиондай гектар аумақта 30 мыңға жуық орман өрттері тіркелді. 62 адам қаза болды, 2,5 мыңдай үй өртеніп кетті. Мәскеуліктер қала іргесіндегі орман өрттерінің көк түтініне бірнеше апта бойы тұншықты.